Егер сіздің келісіміңізсіз атыңызға несие рәсімделгенін байқасаңыз, мүмкіндігінше тез әрекет ету маңызды. Мәселені неғұрлым ертерек шешуге кіріссеңіз, өз құқықтарыңызды қорғап, қаржылық шығындардың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Ең алдымен не істеу керек
1. Несие берушіге хабарласыңыз.
Банкке немесе микроқаржы ұйымына ресми байланыс арналары арқылы дереу хабарласыңыз. Алаяқтық фактісі туралы мәлімдеп, өтінішіңізді тіркеуді және қажет болған жағдайда шоттар мен сервистерге қолжетімділікті уақытша бұғаттауды сұраңыз.
2. Дәлелдерді сақтаңыз.
SMS-хабарламаларды, банк хабарламаларын, хат алмасуды, операциялар тарихын және алаяқтық фактісін растайтын басқа да материалдарды жоймаңыз.
3. Полицияға жүгініңіз.
Өтінішті eGov.kz, e-Otinish порталдары арқылы немесе полиция бөлімшесіне жеке барып беруге болады. Өтініш тіркелгеннен кейін тексеру басталады және сізге несие берушімен әрі қарай жұмыс істеу үшін қажет болатын құжат беріледі.
4. Банкке немесе микроқаржы ұйымына қайта жүгініңіз.
Полициядан алған құжатты ұсыныңыз. Тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде несие беруші қарызды өндіріп алуды және айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуді тоқтатуға міндетті.
Алаяқтық жолмен рәсімделген несиені есептен шығаруға бола ма?
Иә, бірақ әрдайым автоматты түрде емес. Егер алаяқтық фактісі расталса және несиені рәсімдеу кезінде банк немесе микроқаржы ұйымы тарапынан заңбұзушылықтарға жол берілсе (мысалы, міндетті биометриялық сәйкестендіру жүргізілмесе немесе заң талаптары сақталмаса), қарыз есептен шығарылуы мүмкін.
Бұл келесі жағдайларда мүмкін:
- сотқа дейінгі тәртіппен — егер заңбұзушылықтар анық әрі айқын болса;
- сот тәртібімен — егер мән-жайларды сот арқылы анықтау қажет болса.
Өзіңізді қалай қорғауға болады
Алаяқтардың атыңызға несие рәсімдеу қаупін азайту үшін:
- SMS-кодтарды, PIN-кодтарды және банк картасының деректерін ешкімге айтпаңыз;
- күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- қосымшаларды тек ресми дереккөздерден жүктеңіз;
- несие тарихыңызды үнемі тексеріп отырыңыз;
- егер несие алуды жоспарламасаңыз, «Стоп-кредит» қызметін қосыңыз.
Ең басты қағида — мәселені кейінге қалдырмаңыз. Банкке және құқық қорғау органдарына неғұрлым ертерек жүгінсеңіз, өз құқықтарыңызды қорғап, оң несие тарихын сақтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Байланыс деректері мен пайдалы сілтемелер
Полиция
- eGov.kz — https://egov.kz
- e-Otinish — https://eotinish.kz
- Тұрғылықты жеріңіз бойынша полиция бөлімшесіне жеке жүгіну
- Фронт-офис: +7 (7172) 71-46-93
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА)
- Өтінішті e-Otinish порталы арқылы беру
- Call-орталық: +7 (727) 237-10-00
Прокуратура
- Өтінішті e-Otinish порталы арқылы беру («Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы» бөлімі)
- Қазақстан бойынша тегін нөмір: 115
Дереккөз:Fingramota.kz