QR-кодтар тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеудің үйреншікті тәсіліне айналды. Біз оларды кафелерде, автотұрақтарда, дүкендерде және жеткізу қызметтерінде күнделікті қолданамыз. Алайда осы әдетті алаяқтар да өз пайдасына жаратып, түпнұсқа QR-кодтарды жалған кодтармен алмастырып, пайдаланушыларды жалған сайттарға бағыттауда.
Алаяқтық қалай жүзеге асады
Алаяқтар түпнұсқа QR-кодтың орнына өздерінің жалған QR-кодын орналастырады. Оны сканерлегеннен кейін адам сыртқы көрінісі түпнұсқа сайттан айырмашылығы жоқ фишингтік сайтқа өтеді. Онда пайдаланушыдан:
- банк картасының деректерін енгізу;
- SMS арқылы келген кодты айту;
- қосымшаны немесе жаңартуды орнату;
- қосымша сілтемеге өту сұралуы мүмкін.
Нәтижесінде алаяқтар банк картасының деректеріне қол жеткізеді немесе құрылғыға зиянды бағдарламалық жасақтама орнатады.
Жалған QR-кодтар қай жерде кездесуі мүмкін
Көбінесе алаяқтар оларды:
- кафелердегі электрондық мәзірдің орнына;
- автотұрақ терминалдарына;
- сәлемдеме жеткізу туралы хабарландыруларға;
- QR-код арқылы төлем жасау немесе қызмет алу мүмкіндігі бар қоғамдық орындарға орналастырады.
Өзіңізді қалай қорғауға болады
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін:
- QR-кодты мұқият қарап шығыңыз — ол басқа кодтың үстіне жапсырылмаған болуы керек;
- сканерлегеннен кейін сайттың мекенжайын тексеріңіз: ол ресми болуы және https арқылы басталуы тиіс;
- төлем жасар алдында компанияның деректемелері мен төлем сомасының дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізіңіз;
- сайттың түпнұсқалығына күмәндансаңыз, ешқашан CVV-кодты, PIN-кодты немесе растау кодтарын енгізбеңіз;
- қосымшаларды тек App Store немесе Google Play арқылы жүктеңіз;
- күмән туған жағдайда төлемді балама тәсілмен жасаңыз: касса, терминал немесе банктің ресми мобильді қосымшасы арқылы;
- банк картасы бойынша SMS немесе push-хабарламаларды қосып, онлайн операцияларға лимит орнатыңыз.
Егер күмәнді QR-кодты сканерлеп қойған болсаңыз
Мүмкіндігінше тез әрекет етіңіз:
- банкке хабарласып, қажет болған жағдайда картаңызды бұғаттаңыз;
- интернет-банктің, электрондық поштаның және басқа да маңызды аккаунттардың құпиясөздерін ауыстырыңыз;
- екі факторлы аутентификацияны қосыңыз;
- құрылғыңызды антивируспен тексеріп, алдағы бірнеше күн бойы шотыңыздағы операцияларды мұқият бақылаңыз.
Ең басты қағида — QR-код таныс жерде тұрғанының өзіне ғана сенбеңіз. Төлем деректерін енгізер алдында міндетті түрде қай сайтқа өткеніңізді тексеріңіз.
Дереккөз:Fingramota.kz