Бүгінде балалар смартфондарды белсенді пайдаланады, онлайн ойындар ойнайды, интернет арқылы сауда жасап, түрлі платформаларда қарым-қатынас жасайды. Мұны алаяқтар да пайдаланып, ақша, жеке деректер немесе құрылғыларға қол жеткізу үшін түрлі алаяқтық тәсілдерді қолданады.
Ең көп таралған алаяқтық тәсілдері
Онлайн ойындардағы «бонустар».
Алаяқтар ойын валютасын, премиум-аккаунттарды немесе сирек кездесетін ойын заттарын уәде етіп, оның орнына ата-ананың банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келетін растау кодтарын сұрайды.
Фишингтік сілтемелер мен зиянды бағдарламалар.
Читтер, бонустар немесе ойынды бұзу қызметі ретінде балаға күмәнді сілтемеге өту немесе қосымшаны орнату ұсынылады. Соның салдарынан қаскөйлер құрылғыға, аккаунттарға және жеке ақпаратқа қол жеткізеді.
«Мұғалімдерден» немесе мектеп қызметкерлерінен қоңыраулар.
Алаяқтар өздерін білім беру ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, түрлі сылтаулармен жеке мәліметтерді немесе растау кодтарын алуға тырысады.
Маркетплейстердегі алдау.
Жасөспірімдерді смартфондар, ойын приставкалары және басқа да тауарлардың төмен бағасымен қызықтырып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысқа шықпай қояды.
Алаяқтық әрекеттерге тарту.
Кәмелетке толмағандарға «жеңіл табыс» ұсынылады. Мысалы, SIM-карталарды рәсімдеу немесе кейіннен қылмыстық мақсатта пайдаланылатын басқа да тапсырмаларды орындау сұралады.
Баланы қалай қорғауға болады
Қауіп-қатердің алдын алу үшін балаларға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін алдын ала түсіндіру маңызды:
- күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- ешкімге SMS-кодтарды, құпиясөздерді және жеке мәліметтерді айтпау;
- ата-анасының банк картасының деректерін бермеу;
- бейтаныс сатушыларға алдын ала төлем жасамау;
- қосымшаларды тек App Store, Google Play, Galaxy Store немесе Huawei AppGallery дүкендерінен жүктеу;
- күмәнді хабарламалар, қоңыраулар немесе ұсыныстар туралы әрдайым ата-анасына айту.
Қосымша ұсыныстар:
- екі факторлы аутентификацияны қосу;
- ата-аналық бақылау функцияларын пайдалану;
- барлық маңызды аккаунттар үшін сенімді құпиясөздер орнату;
- баламен интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы үнемі әңгімелесу.
Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі – тек техникалық қорғаныс құралдары ғана емес, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас. Егер бала жазаланудан қорықпай көмек сұрай алатынын білсе, алаяқтардың өз мақсатына жету ықтималдығы едәуір төмендейді.
Дереккөз:Fingramota.kz